Айсұлтан Қали Google-ге қалай жұмысқа орналасуға болатыны туралы айтамыз.
Айсұлтан Қали, 24 жаста, қаласы — Мюнхен, Google-де Site Reliability Engineer, @dots256
Қоныс аударуы жайлы
Мен Мюнхен қаласында 2020 жылдың соңынан бері тұрып жатырмын. Ал бұдан бұрынарқта Цюрихте орналасқан Google кеңсесінде тағылымдамадан өттім. Ол кезде мен университеттің бакалавриатында оқып жүрген едім. Тағылымдама кезінде Германияда бірнеше рет болғанмын, маған халқы да, орналасқан жері де ұнады. Сондықтан жұмыс орнын таңдаған кезде Германияны да қарастырдым.
Жаңа өмірге бейімделуі және қиындықтар туралы
Германияда бюрократизм бар. Салық резиденттігіне өтініш беру процесі көп уақыт алады. Бәрін жақсылап түсініп білмесең, қиындау. Сондықтан алғашқыда аздап үйрене алмадым. Дегенмен уақыт өте келе бұл қалыпты жағдайға айналады.
Қиындықтар басқа елге қоныс аудармай тұрып басталады. Германияда жұмыс істеу үшін шетелдік азаматқа рұқсатнама қажет болады. Ол үшін мемлекетке жоғары білікті маман екеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Менің жағдайымда дәлелім диплом болды. Ал жақында жұмыс тәжірибеңізді көрсету арқылы рұқсат алуға болатын заңдар қабылданды.
Жергілікті жердің мәдениетімен танысып, тіл үйреніңіз
Келгеннен кейін тұратын баспана іздеуіңіз керек, бұдан ешл қиналмадым. Компания консультация беріп, құжаттарымды аударуға көмектесті.
Дүкендер мен мекемелердің 20:00-де жабылып қалатыны және жексенбіде ештеңенің жұмыс істемейтіні әрине, әдеттен тыс болды. Германияда жексенбі отбасы күні болып саналады. Сондықтан демалудан басқа амалың қалмайды.
Шетелде, айналаңдағылардың бәрі де түсініксіз тілде сөйлегенде өзіңді жалғыз сезінуің мүмкін. Сондықтан достарыңызбен және туыстарыңызбен бейне байланыс арқылы жиі сөйлесуге, шетелде жаңа достар табуға кеңес беремін. Бірге саяхаттау қызықтырақ және қоныс аудару да оңайырақ болмақ. Жергілікті жердің мәдениетімен танысып, тіл үйреніңіз. Мен неміс тілінен сабақ алып жүрмін, тіл білсеңіз, шетелде өмір сүру де оңайырақ болады.
Мансабы және дамуы жайлы
Мен қазақ-түрік лицейін бітірдім, информатика пәнінен олимпиадаларға қатысып жүрдім. ҚБТУ-ға түсіп, онда бағдарламалау саласын меңгердім. 2019 жылы Google-да тағылымдамадан өтіп, оның қорытындысы бойынша тұрақты негізде SRE ретінде жұмыс істей бастадым.
Мен сізге курстастарыңызбен көбірек қарым-қатынас жасауға кеңес беремін, өйткені жұмыс және тағылымдама туралы жақын араласатын адамдардан оңай біліп отырасың.
Өтініш бермес бұрын жақсы түйіндеме жасаңыз. Жергілікті компанияларда жұмыс істеп көру керек. Осылайша сіз қажетті тәжірибе жинақтап, үлкен ұйымдарда не істеу керектігін түсінесіз. Халықаралық компанияларға барудан қорықпаңыз және дайын емеспін деп ойламаңыз. Себебі өзіңізді ешқашан дайын сезінбеуіңіз мүмкін.
Ірі компанияларда рефералдар тәжірибесі бар. Қызметкерлер үміткерді ұсына алады. Бұл рекрутердің түйіндемеңізді оқу мүмкіндігін арттырады. Бірте-бірте жаңа таныстар мен достар табасыз. Ашық-жарқын болыңыз және рефералдар сұраудан қорықпаңыз. Толығырақ interviews.school сайтынан біле аласыз.
Жұмысқа орналасу үшін алгоритмдер мен мәліметтер құрылымы жайында жақсы білуіңіз керек. Жоғары позициялар технологиялар мен тәсілдерді білуді талап етеді. Алгоритмдерді әрқашан сұрайды, себебі бұл – бәрінің іргетасы. Сұхбатқа дайындалуға арналған көптеген сайттар бар, мысалы leetcode.com және binarysearch.com. Есеп шығармаған адамдар үшін бұл қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ, есіңізде болсын, сан сапаға ауысады. Неғұрлым көбірек есеп шығарсаңыз, соғұрлым оңайырақ болады.
Фулл-тайм жұмыстар үшін мінез-құлықты анықтау сұхбаттарын жүргізеді, онда үміткердің жұмыс тапсырмаларын қалай орындайтыны анықталады. Менде мұндай болған жоқ, себебі тағылымдамадан өткенім жеткілікті еді.
Мен Site Reliability Engineer болып жұмыс істеймін. Міндетім – платформаның жақсы жұмыс істеуі және басқа қызметтер арасындағы келісімдерді қамтуы. Команда Flex SRE деп аталады және компания ішіндегі ресурстарды түгендеумен айналысатын Flex-тің ішкі жұмысын қамтамасыз етеді.
Google-дің пайдаланушыға, әріптестерге деген құрметке негізделген өз принциптері бар. Компанияда ұйымшыл және құзыретті қызметкерлер істейді, өзара сыйластықтың деңгейі жоғары.
Қоныс аудару қалай әсер етті
Германияда өмір басқаша. Тәуелсіз болуды үйренесің, баспана іздеуге және адамдармен қарым-қатынас жасауға күш саласың.
Бұл жақта әртүрлі елдерге саяхаттау оңайырақ.