25 мамыр күні Астанада алғашқы қазақстандық брендтердің той салонының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Saukele деп аталған той салонының иесі Сәуле Самидин қазақ өміріндегі сәукеле ұғымының мәнін түсіндіріп, қыз баланы ұзатуға қажетті заттардың барлығын бір жерге жинағандығын айтып өтті. Мұнда Aida KaumeNOVA, Aigul Kassymova, Naiyl Baikuchkov, Bibisara, Samidel’, DANA NABI мен Jarkyn Baimakhanov сияқты отандық дизайнерлердің ұлттық стильдегі киімдері, Sheberly зергерлік компаниясының өнімдері және қыз жасауына арналған төсек-орын, сандық, т.б. қойылған.
Кешті бастан-аяқ танымал тележүргізуші, fashion-байер, блогер Динара Сатжан жүргізді. Салонның ашылу рәсімінде қонақтар бірінен соң бірі сөз алып, ұлттық дүниені жаңғыртып, аса ерекше идеяны жүзеге асырып, салон интерьерінің дизайнын да ұлттық элементтермен толықтырған Сәуле Самидинге алғыстарын білдірді. Ашылу салтанатының аясында қонақтар атақты қазақстандық суретшілер: Нэлли Бубэ, Ботагөз Аканаева, Мұхит Мырза-Әли-Аканайдың суреттері қойылған көрмені тамашалап, оларды сатып алуға мүмкіндік алды. Ашылу салтанатының бағдарламасында ұтыс билеттері де ойнатылды.
Қазақстанда алғаш рет мұндай салонның ашылуы — отандық брендтердің көйлектерін, қыз ұзатуға қажет дүниенің барлығын бір жерге жинақтап, ұлттық нақыш пен дәстүрімізді құрметтеуге жасалған ізгі қадам.