Array
(
    [SRC] => 
    [WIDTH] => 0
    [HEIGHT] => 0
)

Бәріміз білетін, көп жағдайда сақталмайтын дәстүрлер
45717

24.03.2017

Бәріміз білетін, көп жағдайда сақталмайтын дәстүрлер

Дәстүрді білгенімізбен, осы күні сақтамай жүргеніміз тағы бар. БІЗ ертеде қазақтың тұрмыс салтына байланысты пайда болып, бүгінгі күні ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді еске түсіруді жөн көрдік.


Ерулік


Ерулік — жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз таттырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне жақындастыруды көздейді. Ерулік асы қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады.


Ат тергеу


Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұндайда қойылатын аттардың көбісі: «мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері бойы аласа қайныларына әзілдеп «сұңғақтым», жайбасарына «жүйрігім» деген сияқты ат қояды.


Құрсақ той


Құрсақ той, құрсақ шашу — аяғы ауыр әйелге қатысты ертеден келе жатқан дәстүр. Үйге келін түскен соң, енесі оған зор үміт артады. Сондықтан, келінінің аяғының ауырлағанын байқаған өнегелі ене құрсақ шашу деген кішігірім той жасайды. Оның мақсаты — қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне баса назар аудару. Бұл, біріншіден, ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екінші жағынан аяғы ауыр келіннің қамын ойлап, жағдай жасаудың амалы. Мол дастарқан жайылып, үлкен әйелдер жас келінге батасын береді, ал құрбылары, абысындары білгенін айтады әрі келіннің көңілін аулайды.


Жарыс қазан


Жарыс қазан — екіқабат әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын дәстүр. Ай-күні жеткен жүкті әйел қатты толғатып, толғақ жиілей бастағанда сол ауылдағы пысық әйел әдейі сақтап жүрген сүр етті ошаққа асады да, қуырдақ қуыра бастайды. Жарыс қазан асқанда қазанмен бірге толғақ жиілейді, тамақтан бұрын бала туылады деп ырымдаған. Егер әйел босана алмай одан әрі қиналса, жарыс қазан асып отырған әйел қолына қара пышақты алып «қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын туа ма?» деп, қолындағы пышақты қазанға жанып-жанып зіркілдейді.


Сүйек жаңғырту


Бұрындары құда-құдағи болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Бұл салт қыз бен жігіттің келісімімен де орындалады.


Селт еткізер


«Ұйқыашар» дайындап, өздеріне құрмет көрсетіп, қызмет етіп жүрген көңілі қалаған бойжеткендерге жас жігіттер «сақина, сырға, білезік сияқты ескерткіш сый-сияпат» ұсынады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады.


Абысын асы


Бұрын бір ауылдың әйелдері, яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі аттанып кетеді де, ауылда тек әйелдер қалады. Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып, жылы-жұмсағын қазанға салып, шәй қойып, өздері бір кеш сауық құрады, ән айтады, сырласады. Дастарқанды кең жайып, дәм татады. Міне, осы бас қосу, мұндағы дәм «абысын асы» деп аталады. Бұл — қазақ әйелдерінің ырыс-ынтымағының, бірлік-татулығының көрінісі. «Абысын тату болса, ас көп» деген сөз осыдан шықса керек.


Асату


Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатуы тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз» - деп, қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Бұл дәстүрді Сәбит Мұқанов кең насихаттап, қолданып, жалғастырған.


Басты беттегі сурет: Евгений Ким

Меню

Істер

Қала 24

Шолу