Астанада құрылған «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «ЭКСПО-2017» аясында «Сән мен сахна» халықаралық фестивалінің Гала-көрсетілімі болып өтті. Арнайы мәдени шараларға арнап салынған Ethno Music Hall – да өткен бұл көрсетілім қала сыртында болғандығымен ерекшеленді. БІЗ де бұл шарадан тыс қалмай, қазақстандық сән әлемінің жетістігін өз көзімізбен көрген болатынбыз.
Мұнда отандық дизайнерлер өз топтамаларын жұрт назарына ұсынып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Қазақы оюлармен бүгінгі үлгілерді үйлестіре білген топтамалар көздің жауын алып, бірінен бірі асты. Әсіресе, заманауи киімдерді ұлттық нақышта сәнді әрі талғаммен тіккен сәнгерлер қазақ сән өнерінің дамып келе жатқанын анық көрсетті.
Көрсетілімнен кейін көрме-сауда болып, келушілер өзіне қажеттісі мен ұнатқанын жақыннан көруге, ұстап, өлшеп көріп, сатып алуға мүмкіндік алды. Қазақстандық сән әлемінде танылып жүрген беделді брендтерден бөлек бұл көрсетілімге өз топтамасының бәсекеге қабілетті екенін көрсетуге келген өңірлік брендтер де болды. Гала-көрсетілім келушілерге өте жақсы әсер сыйлап, сән әлеміндегі жаңа трендтер мен есімдерді тануға мол мүмкіндік берді. Ендеше осы шараның жарқын сәттерін тамашалай отырыңыз!