Settar Kose (Cаттар Köce), 35 жаста, тұрып жатқан қаласы — Лондон
Еуропадағы қазақтар жайында
Мен төрт жаста болғанда, Лондонға келдім. Қазақстанмен негізінен әлеуметтік желілер арқылы байланыста боламын. Үйде жаңалықтарды көру үшін Caspionet және Kazakh TV сияқты қазақстандық телеарналарды көру мүмкіндігіміз бар. Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Мен қазақ тілін шамамен он жыл бұрын Лондондағы Қазақстан елшілігінде оқып үйреніп алдым. Бізде сабақтар сенбі демалыс күні өтетін. Мен бұл сабақтарға екі жыл бойы қатыстым, ал 2010 жылдан 2012 жылға дейін мен Алматыға барып, сол жерде 2 жыл жұмыс істедім.
Біздің ата-бабаларымыз нағыз көшпенділер болды, олар орыс революциясы кезінде 1930-жылдары Қазақстанның Семей аймағынан Қытайға қоныс аударды, одан кейін қытай тәртібінен Гималай таулары арқылы Үндістанға жаяу қашты. Олар Үндістанда шамамен 10 жыл тұрды, кейін 1953 жылы түрік үкіметі 2000 қазақ мигранттарына олардың Түркия еліне көшіп, фермерлер болып жұмыс істеуі үшін жер ұсынды.
Мен Түркия елінде тудым, кейін 1980 жылдардың соңында көптеген түріктер Еуропаға жұмыс істеу үшін қоныс аударған кезде, менің ата-анам және көп қазақ мигранттары бүкіл Еуропа бойынша көшіп жүрді. Менің ата-анам 1986 жылы Германия арқылы Лондонға келді. Қазақтардың жаппай миграциясы жайында авторы Годфри Лиас болып табылатын «Қазақтардың кетуі» электронды кітап бар.
Салт-дәстүрлердің сақталуы жайында
Біз әлі күнге дейін барлық қазақ дәстүрлерін сақтаймыз, мысалы, қазақ ұлттық тағамдарын әзірлейміз. Менің анам көже, бауырсақтар, жылқы етінен, бірақ қазысы жоқ бешбармақ дайындайды, себебі біз оны Ұлыбританияда таба алмаймыз. Біздің қонақ бөлмемізде қамшы, домбыра, шапан, тақия сияқты көп қазақтың ұлттық заттары тұр. Біз Айт, Наурыз қазақ ұлттық мейрамдарын атап өтеміз. Біз үйде қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде сөйлесеміз. Қазақтар мен қазақ диаспорасы арасындағы тілдік кедергі – біздің орыс тілінде сөйлей алмайтынымызда. Көптеген қазақ диаспоралары түрік немесе басқа еуропалық тілде сөйлейді, кейбір кезде егер басқа адам қазақ немесе ағылшын тілінде сөйлей алмаса, оларға қарым-қатынасқа түсу қиынға соғады. Бірақ мен көптеген қазақтардың, әсіресе жастардың қазіргі кезде қазақ тілінде сөйлей бастағанын білемін.
Біз үйде қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде сөйлесеміз
Қазақ диаспорасы жайында
Ұлыбританияда қазақ диаспорасы бар. Оның құрамына 40 шақты қазақ отбасылары, балаларды есептегенде жалпы 200 шақты адам кіреді. Бізде Ұлыбританияның қазақтар қауымдастығы деген қазақ диаспорасының қоғамы бар. Сол жерде біз қазақ қауымы үшін іс-шаралар ұйымдастырамыз. Қазақстанның ұлттық мерекелері кезінде біз залды жалға алып, бірге атап өту үшін жиналамыз.
Бізде Ұлыбританиядан шыққан қазақтар футбол командасы бар және біз жылына бір рет өтетін футбол жарысында басқа еуропалық қазақ футбол командаларымен жарысамыз. Ол жыл сайын әртүрлі қалаларда өтеді, биылғы жылы жарыс Германияның Мюнхен қаласында өтеді.
Мурат Ермис, 47 жаста, туған қаласы — Стамбул, тұрып жатқан қаласы — Вестерос, Еуропалық қазақтар федерациясының төрағасы
Еуропадағы қазақтар жайында
Қазақстан туралы айтқанда, жақындарыңның образы, шексіз дала есіңе түседі – бұл естеліктер жаныңды жылытады. Мен Қазақстанды сағынамын. Бұл біздің ата-бабаларымыздың туған жері. Біздің ата-аналарымыз 1940-жылдары қазақтардың Тибет арқылы Пәкістанға, әрі қарай Түркияға қоныс аударғанын әңгімелеп айтатын. Менің отбасым 1976 жылы Түркия елінен Швецияға көшті, сол кезде мен 5 жаста едім.
Біздің кішкентай қаламызда 65 қазақ отбасылары тұрады. Бізде қазақ мәдениетінің қоғамы бар, сол қоғамның төрағасы ретінде мені таңдады. Көптеген еуропалық елдерде қазақтар бар. Мен Еуропадағы қазақ қоғамдастығы федерациясын басқарамын.
Швецияда 100-ден астам қазақ отбасылары өмір сүреді. Біздің ата-бабаларымыз осында ертеде көшті және біз этникалық қазақтар болып саналамыз. Осында біз жақсы жұмыс істейміз – заңгерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер бар. Менің жеке фирмам бар, біз үй құрылыстарымен айналысамыз.
Салт-дәстүрлердің сақталуы жайында
Наурыз мейрамы кезінде біз басқа ұлттармен бірігіп, тойлаймыз. 30 000-нан астам адам жиналады. Сахнада балалар қазақ ұлттық киімде «Қара жорға» билейді, ұлттық әндер орындайды. Көптеген адамдар ұлтымыздың әдемілігіне таң қалады, дәстүрлерімізге қызығушылық білдіреді. Біз өзіміздің арамызда жақсы араласамыз, қазақтарды тойларға шақырамыз. Біздің ата-аналарымыз қазақ жігіттері тек қана қазақ қыздарына үйлену керек деп айтады. Біздің ата-бабаларымыз Қазақстаннан көшіп келген кезде, олар қазақтардың қалай өмір сүріп жатқанын білмейтін. Сол себепті бізге тұқым мен ұлтты сақтап қалу үшін тек қана қазақ қыздарын таңдауымыз қажет деп айтатын.
Ата-аналарымыздың арқасында ғана біз қазақ тілін есімізге сақтадық және ұлттық дәстүрлерімізді ұмытпауға тырысамыз
Менің жұбайымның есімі Айше, төрт баламыз бар. Біз салт-дәстүрлерді сақтауға тырысамыз және оларды балаларымызға жеткіземіз. Оларды қазақ тіліне үйреткіміз келеді. Бізде кітаптар да, оқытушылар да болған жоқ. Ата-аналарымыздың арқасында ғана біз қазақ тілін есімізге сақтадық және ұлттық дәстүрлерімізді ұмытпауға тырысамыз.
Қазақ диаспорасы жайында
Түркия, Швеция және Франциядағы қазақтар жиі бірге жиналады. Жыл сайын біз Мюнхен қаласында үлкен Құрылтайда жиналамыз. Үлкендер мен жастар келеді, барлығы танысады, ән салады, әңгімелеседі. Бұл жиналыс этникалық қазақтар арасындағы байланысты нығайту үшін қажет. Қазірде Германияда, Данияда, Норвегияда қазақ қоғамдыстықтары көп. Бүкіл қазақтарды біріктіру және мәдениетті сақтау үшін біз қазақ қоғамдыстықтарының федерациясын құрдық.
Бір ай бұрын барлық елдердегі этникалық қазақтар шақырылған үлкен қазақ тойы өтті.
Abdusselam Savas, тұрып жатқан қаласы — Лондон
Еуропадағы қазақтар
Біздің ата-бабаларымыз 1935 жылы Орал, Тарбағатайдан Қытайға қоныс аударды. Одан кейін Гималай таулары арқылы Үндістанға көшіп кетті, сол жерде жергілікті мұсылмандар көмек көрсетті. Әкем сол жерге 20 000 шақты қазақтар қоныс аударды деп айтқан. Қазақтар 1950 жылы түрік елшілігіне хат жазғаннан кейін, олар Түркияға көшіп кетті.
Мен Түркия елінде туып, өстім. Сол жерде біз қазақ тілінде кішкене сөйлеуді үйрендік, мектепке бардық. Ата-анам үйде қазақша сөйлесетін. Үкімет бізге үй, жер берді, біз мал шаруашылығымен айналыстық, бидай ектік. Мектепте оқыған кезде, әкем былғарыдан қолғаптар тігіп, базарда сататын. Кішкентай кезімізде барлығымыз ата-аналарымызға көмектесетінбіз. Сегізінші сыныптан кейін ақша табу үшін мен Стамбулға көшіп кеттім. 1960 жылы көптеген түріктер Германияға көшіп кететін, сол жерге жұмысқа шақыратын. Олардың арасында біздің қазақ бауырларымыз да болды. Қазақтар Еуропа елдеріне көшіп кете бастағаннан кейін, менің ағам мені Лондонға көшуге шақырды. Сол жерде жұмыс орындар көп болатын.
Мен Лондонға 1979 жылы көштім, ыдыс жуатын, тамақ алып келетін, үстел әзірлейтін жұмыстан бастағанмын. Мен тамақ әзірлеуді үйреніп, 1992 жылы бір мейрамхананы сатып алдым. Бұл мейрамханада біздің отбасымыз бен балаларымыз жұмыс істеді. Мен отбасымды Түркиядан Лондонға алып келдім. Қазірде менің бес балам және жеті немерем бар. Олардың өз түпкі тамырлары мен тілін ұмытпағанын қалаймын. Қазақстанның тәуелсіздік алғанға дейін бізді қытайлықтар деп жиі атайтын, бізге бұл ұнамайтын. Біз қазақ екенімізді әрқашан мақтан тұтатынбыз.
Немерелерімнің арасында болашақта басшы болатындар бар. Және біз олардың қазақ туын мақтанышпен көтеріп жүрулеріне ұмтыламыз.
Салт-дәстүрлердің сақталуы жайында
Біз жұбайымызбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Кезінде қазақ әліпбиі кириллицамен жазылған кезде, біз үшін қиын болатын. Қазірде біз YouTube желісінде қазақ тіліндегі фильмдерді тауып, балаларымызға көрсетіп жүрміз. Бұрын Англияға көшіп келетін қазақтар орысша сөйлетін. Қазірде жастар қазақ тілінде көбірек сөйлесетінін байқап жүрмін.
Қазақ диаспорасы жайында
Түркиядан келгендердің саны шамамен 40 отбасы. Қазақстаннан «Болашақ» бағдарламасы арқылы немесе жұмыс бойынша келген адамдардың саны көп. Біз Ораза айт және Құрбан айт кезінде бірге жиналамыз. Интернетте шақырулар жіберіп, барлығын шақырамыз. Демалыс күндері біз өзіміздің үйімізге қонақтарды шақырамыз, шәй, бауырсақ әзірлейміз, кейбіреулер домбырада ойнайды.
Осында үлкендерді сыйлау керектігін, олардың орны төрде екенін барлығы біледі
Туыстарымыздың көбісі Түркияда тұрады, сол себепті біз көп тойларды сол жерде өткіземіз. Құдалықты да өткіземіз. Осында үлкендерді сыйлау керектігін, олардың орны төрде екенін барлығы біледі. Біз ақсақалдардың баталарын аламыз. Үйде шелпектер және бауырсақтар, бешбармақ әзірлейміз. Осында жылқы және қой етін табу қиынға соғады. Бізге базарлықты Қазақстаннан алып келетін кездер болады. Мәдениет пен дәстүрлерді сақтау біз үшін маңызды.
Sacit Ali Nagvi, 39 жаста, туған қаласы — Стамбул, тұрып жатқан қаласы — Вена
Еуропадағы қазақтар жайында
Менің апам мен атам Алтай тауларынан шыққан қазақтар. Олар 1945-1950 жылдары басқа қазақтармен бірге Түркия еліне көшіп келді. Мен Осман батырдың жақын туысымын. Менің ата-анам 1991 жылға дейін Стамбулда тұрды және еуропалық компаниялармен жұмыс істеді. Сол себепті біз 1990 жылы Вена қаласына көштік.
Менің үлкен әпкем бар. Біз әпкем екеуміз екі тілде — қазақ және түрік тілдерінде сөйлеп өстік. Венада біз мектепетегі жалғыз шетелдіктер едік, сол себепті неміс тілін үйреніп алуға тура келді. Қазірде біз үш тілде: неміс, қазақ және түрік тілдеінде сөйлейміз.
Орта мектепті бітіргеннен кейін, мен электроника, машина жасау, өлшеу және бақылау технологиялары, информатика бойынша инженерлік академияға қабылдандым. Кейін әртүрлі компанияларда жұмыс істедім. 18 жасымда мен Siemens компаниясында жұмыс істедім. Бағдарламашы ретінде бастадым, ал 2011 жылдан бастап мен бүкіл әлемдегі интралогистика бойынша жүргізілетін жобалардың басты менеджерімін.
Салт-дәстүрлердің сақталуы жайында
Мен Қазақстанға деген сүйіспеншілігімді ешқашан ұмытқан емеспін. Қазақстаннан қаншалықты алыс тұрғанымызға қарамастан, біз қай жерде және кім екенімізді ешқашан ұмытпаймыз. Біз қазақ болғанымызды мақтан тұтамыз.
Алғашқы қазақтар Венаға 1973 жылы көшті, қазірде қазақ диаспорасын 35-тен астам қазақ отбасылары құрайды. 2003 жылы осында Kasachische Kulturverein Österreich деп аталатын Аустрияның қазақ мәдени қауымдастығы құрылды. Негізі салынған уақыттан бастап мен бес жыл бұл қауымдастықтың хатшысы болдым. 2010 жылы Қазақ мәдени қауымдастығы Вена қаласында үлкен қазақ Құрылтайын ұйымдастырды. Бүкіл әлемнен 1000-нан астам қонақтар келді. Соңғы ірі іс-шара Наурыз мейрамы болды. Ол Қазақстанда сияқты ауқымды түрде өткізілді.
Қазақ диаспорасы жайында
Венадағы қазақ диаспорасы әрқашан бір-бірімен қарым-қатынаста жүреді. Біз көп іс-шараларды ұйымдастырамыз. Диаспора Қазақстан елшілігімен, Аустрияда өмір сүретін қазақ студенттерімен тығыз байланыста болады. Біз бір-бірімізге көмектесіп отырамыз.
2017 жылы жастар Вена қаласында «1.FC Vienna Kazakh» деп аталатын ресми қазақ футбол командасын құрды. Бұл бұл аустриялық лигада ойнайтын алғашқы ресми қазақстандық футбол командасы. Мен біздің футбол командамыздың президентімін және жаттықтырушымын, қазірде бізде 38 футболшы бар. Біздің команда 2016 жылы Кельнде өткен соңғы еуропалық қазақ Құрылтайының чемпионы. Сонымен қатар біз Қазақстан бойынша өткен жарыстарға қатысқанбыз. Клубымыздың мақсаты тек футбол және спорт қана емес, оған қоса қазақ жастарын жақындату және қазақ тілін үйрету болып табылады.
Біздің мақсатымыз – қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерді үйрету және бұл білімді келесі ұрпаққа жеткізу
2018 жылдан бастап мен Аустриядағы Қазақ мәдени қауымдастығының президентімін, оған қоса Еуропалық қазақстандық кеңесінің мүшесімін, FEKA (Еуропалық қазақ қауымдастығының федерациясы) президентінің кеңесшісімін және FEKA Аустрия басқармасының басшысымын. Ұйым Аустрияда тұрып жатқан және басқа ұйымдармен ресми қатынасты қолдайтын қазақтарды қамтиды. Біз қазақ қауымын аустриялық қоғаммен жақындастырамыз. Біздің мақсатымыз – қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерді үйрету және бұл білімді келесі ұрпаққа жеткізу.