Array
(
    [SRC] => 
    [WIDTH] => 0
    [HEIGHT] => 0
)

Мектепте немесе аулада ойнауға болатын 8 ұлттық ойын
32201

24.03.2017

Мектепте немесе аулада ойнауға болатын 8 ұлттық ойын

«Қырықаяқ»


Ойыншылар араларынан басқарушы сайлайды. Басқарушының талабына қарай қатысушылар тең екі топқа бөлінеді. Әр топтың ойыншылары бір-бірінің белінен құшақтап қатар тұра қалады. Олар тұрған жерден 25-30 метр қашықтықта көмбе белгіленеді. Басқарушының белгі беруі бойынша екі топ та сол қалыптарымен аяқтарын тепе-тең алып жүгіре жөнеледі. Қай топ көмбеге бірінші жетсе, сол жеңімпаз болады. Басқарушы ойын тәртібінің бұзылмауын қадағалайды. Ойын осылайша қайталанып отырады.


«Жапалақтар мен қарлығаштар»


Ойыншылар екі топқа бөлінеді де, бір-біріне арқасын беріп, екі қатар құрып тұрады. Бір қатардағыларды жапалақтар, екіншісін қарлығаштар деп атайды. Жүргізуші ойыншылардың арасымен жүріп отырып, сөзін үзіп-үзіп, созып сөйлейді: қар-үзіліс-лығаш немесе жа..., ал сөз соңын айтпайды. Сонда аты аталған топ бытырап қаша жөнеледі де, аты толық аталмаған топ оларды қуады. Ұсталған ойыншы ұстаған топтың қатарына қосылады. Жеңімпаз топ ойыншы санына байланысты анықталады.


«Сақина салу»


Бір ұл, бір қыз ортаға шығады. Басқалары екі қолдарын алдына қойып, уыстап тұрады. Қыз сақинаны әр ойыншының уысына салғандай болып, барлық ойыншыны айналып өтеді. Сосын ұлға: - «Сақина кімде, тап!» - дейді. Барлық ойыншы ұлға қарап, қуыстанғандай кейіп танытады. Ұл бала күдіктенген адамынан сақинаны сұрайды. Іздеуші әр ойыншының алдына барғанда әзіл айтып, күлдіріп те жүруі тиіс. Сол әдіспен сақина ұстап отырғанды байқап, тауып алуы да мүмкін. Тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы өнер көрсетеді. Таппаса, іздеушінің өзі айып тартады.


«Қарамырза»


Жүргізуші ойыншыларға бірден «ойнаймыз» дейді. Барлығы «ойнаймыз» деп дабырласып, қатарлас отырған бірі екіншісіне «Ассалаумағалейкум, Қарамырза!» — деп амандасады. Сәлем алушы байқамай «Уағалайкуммассәләм!» - дейді. Ал ойын тәртібі бойынша «Уағалайкуммассәләм, бірінші Қарамырза!» - деп жауап беруі керек. Әр амандасқан сайын қарамырзалардың саны екінші, үшінші, т. б. болып көбейе береді, ал жауап берушілер саннан жаңылмаулары тиіс. Шатасып кеткен адам айып тартады. Аздан соң ойыншылардың дұрыс жауап бергендері — «Тазалар», қате жауап бергендері — «Қаралар» болып екіге бөлінеді. «Тазалар» «келісіп», «Қараларға» жаза белгілейді.


«Қарғымақ»


Биіктік мөлшерін дәлдеп алып керіп ұстаған жіптен жүгіріп келіп қарғып, арғы жағына секіреді. Белгілі биіктікте керіліп қойған жіптен қолына ұстаған сырыққа сүйене, оның бір басын жерге тіреп, бүкіл денесін өз күші екпінімен жоғары серпілте қарғиды. Немесе арақашықтығы өлшеніп белгі жасап қойылған жазықтан секіреді. Қарғымақ ойналатын алаң не ұсақ құм, не ағаш ұнтағы төселген жұмсақ болуы шарт. Кім биігірек және алысқа секірсе, жүлдені сол алады.


«Сақ құлақ»


Ойыншылар қаз-қатар тұрады немесе қатарласа отырады. Бір ойыншы мен екіншісінің арасы бір метрдей болуы қажет. Бастаушы (1-ойыншы) естілер-естілмес дауыспен бір-екі сөзді бір рет айтады. Сол сөзді қағып алған 2-ойыншы үшіншіге, үшінші одан әрі тез-тез айтып жеткізе береді. Бәрі де сөздерді бір рет қана айтып, үндемей отырады. Ең соңғы ойыншы бастаушыға сыбырлап өзіне жеткен сөзді айтады. Егер сөз дұрыс болса, ойын басқа сөздермен тағы да қайталанады. Егер сөз дұрыс жетпесе, бастаушы соңғы ойыншыдан бастап 1-ойыншыға қарай сыбырмен ғана тыңдап, сөзді бұзған кім екендігін анықтайды. Сөзді бұзған ойыншы ең соңына барып тұрады да, екі-үш жаңылтпаш айтады, ал дұрыс айта алмаса, айып тартады.


«Тымпи»


Қатысушылар шеңбер жасап, дөңгелене отырады. Бастаушы: «Ал, ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» - деп бұйырады. Бұдан кейін бірде-бір ойыншы дыбыс шығармауы, үн қатпауы керек. Алайда, бастаушы ғана сөйлеуге ерікті. Ол күлкілі қимыл-қозғалыспен әзіл-қалжың сөздерді айтып, күлдірудің амалын іздейді. Әзілі өтпесе, бет-аузын тыржыңдатып құбылтады. Қолапайсыз қимылдар жасап қозғалады. Жаңылыстыру үшін алуан сұрақтар қойып, көздеріне төнеді. Біреу байқамай сөйлеп не күліп жіберсе, айып тартады.


«Тауық күрес»


Балалар екі топқа бөлінеді. Осы екі топтан екі бала шығып, кәдімгідей күреседі. Бұл күрес түрінің басқасынан айырамшылығы — тек жалғыз аяғымен ақсаңдай жүріп, иықтарын қағып күресуінде. Бұл күрес балалардың нық басып, орнықты жүруін жетілдіреді. Күресетін баланың бір аяғын тізесінен бүгіп, мата белбеумен байлап тастайды. Қайсысы сүрініп жығылса, сол ұтылады.


Басты беттегі сурет: Мейіржан Нұрғожин

Меню

Істер

Қала 24

Шолу