Array
(
    [SRC] => /upload/resize_cache/iblock/9a6/400_450_240cd750bba9870f18aada2478b24840a/6f3c13tpt00xael5j3kpeyvlfix4plqr.jpg
    [WIDTH] => 400
    [HEIGHT] => 450
)

Университетте оқуға қалай дайындалуға болады: әртүрлі елдерде оқитын студенттердің тәжірибелері мен кеңестері
1064

26.08.2024

Университетте оқуға қалай дайындалуға болады: әртүрлі елдерде оқитын студенттердің тәжірибелері мен кеңестері

Жақында жаңа оқу жылы басталады. Оған жақсы дайындалу үшін бірнеше жыл оқып жүрген студенттердің кеңестерін жинадық.


Эльдар Дүсіп, 21 жаста, Римини қаласы, студент, @eldardussip

Эльдар

Өзі туралы

Мен Болонья университетінің үшінші курс студентімін. Туризм экономикасын зерттеймін. Сонымен қатар білім беру саласында шағын жобаны дамытып жатырмын. Біз студенттерге Италия университеттеріне түсуге және стипендия алуға көмектесеміз.

Менің кампусым Римини қаласынының Адриат теңізінің жағалауында орналасқан.

Университетте оқуға қалай дайындалу керек

Алғашқы жыл Қазақстаннан Италияға келген студенттердің көпшілігі үшін қиын болды. Негізгі қиындық оқуда емес, басқа елдегі өмірге бейімделу және жаңа тілді үйрену болды. Бірақ жыл сайын жеңілдей түсіп, әлеуметтік бейімделу мен әртүрлі бағыттарда даму мүмкіндіктері арта түседі.

Италиядағы білім беру жүйесі студенттерге кеңпейіл. Сізде емтихандарды тапсыруға шексіз мүмкіндік қарастырылған. Бұл өз нәтижелеріңізді жақсартуға ерекше мүмкіндік береді. Егер емтихандарды тапсырып, қажетті кредиттерді жинауға үлгермесеңіз, оқуды семестрге немесе одан да ұзаққа созуға болады. Сабақтарға қатысу мүлдем еркін, бұл көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Өзіңізді әртүрлі салаларда сынап көруге немесе саяхаттауға айтарлықтай уақыт бар.

Бірақ бұл оқуды тастауға болады деген сөз емес. Мен қарыздарды жинауды ұсынбаймын, өйткені оларды жабу кейін өзіңізге қиын болады.

Сонымен қатар Италияда сіз стипендия ала аласыз, бірақ бұл күнделікті өмір сүруге жеткіліксіз. Белсенді саяхат қосымша табыс көздерін қажет етеді, осы тұста қалаған ыңғайлы жұмысты табуға мүмкіндіктер жеткілікті.

Еуропада студенттер өздерін қамтамасыз етеді, сондықтан кейде студенттердің оқуда белсенділігі жетіспей жатады. Сондай-ақ, Еуропа жалпы бюрократияға бейім — құжаттарды рәсімдеу ұзақ уақытты, виза күту мен шексіз кезектерді талап етеді. Уақыт өте келе оған үйреніп кетесіз.

Кейде азиялық сыртқы келбетіме байланысты назарға ілініп жатамын, әдетте бұл басқа мигранттардан туындайды. Итальяндардың өздері жомарт және ашық. Олар ағылшын тілінде айтарлықтай сөйлемейді, сондықтан итальян тілін білу — сіздің өмір сүру сапаңызды едәуір жақсартады.

Кеңес

Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді іздеуге және пайдалануға тырысыңыз. Әртүрлі тәжірибеден өтетін орындар іздеңіз, әдетте университет көптеген мүмкіндіктерді ұсынады. Мысалы, Erasmus бағдарламалары. Тәжірибе жинаңыз, бұл болашақ мансабыңызда үлкен артықшылық болады. Тілді міндетті түрде үйреніңіз. Бұл ешқашан артық болмайды.

Басқа елдерден келген достар табуға және оларды біздің мәдениетімізбен таныстыруға тырысыңыз. Шетелде сіз өз еліңіздің өкілісіз. Болашақта осы адамдар университетті аяқтап, маман болады. Ал, сізде әлем бойынша жеткілікті байланыстар болады. Нетворкинг — қазіргі уақытта маңызды құрал.

Қиындықтардан қорықпаңыз — олар әрқашан кездеседі. Өзіңізге пайдалы тұстарын алуға тырысыңыз. Қиындықтар әрқашан болады және тек оларды еңсеру арқылы келесі деңгейге көтерілуге болады.


Балғын Оразалы, 20 жаста, Астана қаласы, Назарбаев Университетінің студенті, @bbbalgyn

Балғын

Өзі туралы

Мен Назарбаев Университетінің бакалавриат бөлімінде екінші курс студентімін. Біздің университеттің студенттік кеңесіндегі Сыртқы істер министрлігінде вице-министрмін, мұнда біз сыртқы ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, студенттердің жұмысқа орналасуына көмек көрсетеміз және олардың академиялық ұтқырлығына қолайлы мүмкіндіктер ұсынамыз. Сонымен қатар, мен Edtech-компаниясында IELTS мұғалімі болып жұмыс істеймін және университеттің халықтық билер клубына мүшемін. Бос уақытымды еріктілікке арнауға тырысамын.

Оқуға қалай дайындалу керек

Университеттегі бірінші оқу жылым бейімделу кезеңі болды. Жаңа ортаға, қоршаған ортаға және оқу жүйесіне үйренуге тура келді. Мен мамандығыма қатысты барлық курстарды алдын ала қарап шығып, шамамен кесте жасадым. Курстарға тіркеліп, лекциялар басталғанға дейін әрбір курстың силлабустарын оқып, алдағы оқу жылындағы жүктемемен таныс болуға тырыстым. Бірінші оқу жылым тез өтті. Менімен бірдей ойлайтын адамдардың ортасында мен жақын достар таптым, әртүрлі салаларда өзімді сынап көрдім және әртүрлі қызығушылықтармен айналыстым.

Бірінші семестрде уақытты дұрыс бөлу және барлық жерге үлгеру қиын болады. Сондықтан университетте алатын алғашқы сабақтардың бірі — уақытты басқаруды үйрену. Бізге көптеген жаңа міндеттер қосылады, сондықтан бір уақытта көп нәрсені үйлестіруді және еңгеруді үйрену маңызды. Осы дағдының арқасында мен оқуды, жұмысты және хоббиді үйлестіре алдым. Тиімді кесте құруға назар аударуды ұсынамын.

Кеңес

Мен ұзақ мерзімді басымдықтарды таңдап, олардың негізінде бірінші академиялық жылға мақсат қоюды ұсынамын. Дұрыс оқи білу өте маңызды. Оның әр түрлі әдістері бар. Маған ақпаратты тиімді есте сақтау үшін белсенді түрде тыңдау әдісі көмектеседі. Әртүрлі тәжірибелер мен әдістерді қолданып көріңіз. Өзіңізге ыңғайлы және сәйкес келетінін табыңыз.

Оқудың басынан бастап кез келген мүмкіндікті іздеңіз және оларға әрдайым «иә» деп айтыңыз. Бұл сізді қайда апаратынын және қандай есіктер ашатынын ешқашан білмейсіз. Осындай ойлау әдісі маған режиссер Тимо Вуоренсола және корей әншісі Сонг Вон Субпен университетіміздің кампусында студенттер үшін эксклюзивті кездесу ұйымдастыру мүмкіндігін берді.

Профессорлармен жақсы қарым-қатынаста болу да маңызды. Олардың ғылыми жұмыстарын оқып, лекциялар кезінде пікірталастарға қатысыңыз. Профессорлар жылдар бойы жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, маңызды кеңестер береді. Олар сізге қалай жақсырақ әрекет ету керектігін айтып немесе жаңа мүмкіндіктер ұсына алады.


Ясмин Касенова, 20 жаста, Торонто қаласы, студент, @dsprnoe

Ясмин

Өзі туралы

Мен Канаданың Торонто қаласындағы Сенека политехникалық институтында мінез-құлық психологиясы бойынша үшінші курста оқимын. Мен біздің оқу орнымыздағы ең ірі клубтардың бірі Behavioural Exploration Club-ның вице-президентімін. Командамызбен бірге біз адам мінез-құлқы, психикалық денсаулық және психология саласындағы мансапты дамыту тақырыптарында іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Сондай-ақ, мен аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған балалармен мінез-құлық терапевті болып жұмыс істеймін. Әлеуметтік және когнитивтік дағдыларды, ұсақ моториканы және тұрмыстық міндеттерді оқытуды қамтитын терапевтік сессиялар өткіземін.

Бос уақытымда мен қыш өнерімен, музыкамен және альпинизммен айналысамын. Мен әрқашан жаңа және қызықты нәрселерді ашуға тырысамын.

Университетте оқуға қалай дайындалу керек

Студенттік виза алудан, баспана іздеуден және ұшуға дайындалудан басқа, мен университет ұсынатын барлық мүмкіндіктерді зерттеуге тырыстым. Соның ішінде медициналық сақтандыру, спортзал, дүкендерге жеңілдіктер және т.б. Сондай-ақ, жеке куәлік пен жол жүру картасы сияқты құжаттарды дайындап қойдым.

Оқудың өзіне келетін болсақ, мен алатын барлық курстарды қарап, профессорларым және олардың зерттеулерімен таныстым. Сабақ басталғанға дейінгі бірнеше апта ішінде профессорларым семестр жоспарын, болашақ дәрістердің тақырыптарын және пәндері бойынша ақпарат жариялады. Мен бәрін оқып үлгермесем де, маған қызықты нәрселерді зерттеуге тырыстым.

Отбасым мен достарымнан алыстағы алғашқы ай қиын болды. Бірінші аптада әр түн сайын ата-анамның үйі мен жақын адамдарым туралы түс көретінмін. Жаңа ұсақ-түйектерге: жол белгілеріне, дүкендерге және адамдарға үйрену керек болды. Қала мен ойлағаннан әлдеқайда үлкен болды, және мен өзімді осы арада кішкентай сезіндім. Уайымға салынбау үшін жаңа және қызықты нәрселерге назар аударуға тырыстым.

Білім

Екінші айда мен өнер студиясына ассистент ретінде жұмысқа орналастым, бұл маған бейімделуге көмектесті. Клиенттермен жиі қарым-қатынас жасау мені жергілікті тұрғындармен араласуға үйретті. Ал ұжымым туралы айтатын болсам, маған өте мейірімді адамдар кездесті. Олар маған көп нәрселерді түсіндіріп, көмектесіп отырды.

Институтта да адамдар ашық әрі мейірімді болды.Профессорлар мен курстастарым менің халықаралық студент екенімді білгенде, маған қолдау көрсетті. Уақыт өте келе мен жақын достар таптым, сол себепті оқу процесі одан әрі қызықты бола түсті. Өзім оқып жатқан пәнге шынайы қызығушылық арта түсті.

Барлығы таныс емес болып, неден бастарыңды білмегенде, санаңда үлкен шатасу болады. Сондықтан шетелге оқуға кетіп бара жатқан әр адамға кеңесім — ең алдымен не алу керектігін алдын ала зерттеп алыңыз. Мысалы, мен алдымен тұрғын үй іздедім, содан кейін ID-карта мен банк картасын рәсімдедім.

Жалғыздық пен дәрменсіздік сезімі — ең айқын нәрсе. Мен ұялшақ және интроверт адам болғандықтан, адамдармен сөйлесу маған қиын болды. Кейде мен әңгімемді комплименттен бастап, кейіннен әңгімеміз өрбіп, бірге түскі ас ішетінбіз.

Тағы бір қиындық бірінші жылдың соңында пайда болды, мен жұмыс істеген өнер студиясы жабылып, жұмыссыз қалдым. Тұратын жерім мен басқа да шығындарды өзім төлейтін болғандықтан, бұл мен үшін үлкен күйзеліс болды. Бірақ бір есік жабылса, екінші есік ашылады. Мен өз саламда терапевт ретінде жұмыс таптым, сол үшін өте ризамын!

Кеңес

Ең қарапайым, бірақ маңызды нәрсе — үйреншікті өмір сүру дағдысынан шығыңыз! Адамдарға комплимент айтыңыз, университетіңізде немесе қалаңызда оқу үшін қызықты орындарды іздеңіз, клубқа қосылыңыз. Мен тіпті Behavioural Exploration Club-қа қосылуды ойламадым, мені досым әкелді, енді міне вице-президент лауазымын атқарамын. Мүмкін болса, кем дегенде көрші қалаларға саяхаттаңыз.

Профессорлармен араласыңыз, олардың көп білімі мен тәжірибелері бар, олар қызықты материалдарды ұсына алады немесе жақсы кеңес бере алады. Жоғары GPA жақсы, бірақ бұл сіздің мақсаттарыңызды, армандарыңызды және ұмтылыстарыңызды ашуға мүмкіндік бермейді. Көбінесе профессорлар сізді барынша қолдауға дайын, бірақ ол үшін әңгімені өзіңіз бастауыңыз керек. Мен жиі дәрістен кейін қалып, қызықтырған нәрселер туралы немесе өмірден алынған қандай мысалдарды үйренген материалға әкелуге болатыны туралы сөйлесемін.

Университет қарастырған барлық мүмкіндіктерді міндетті түрде пайдаланыңыз! Мансаптық өсу мүмкіндігінен бастап спортзалға жазылуға дейін. Бұл уақытты, ақшаны және жүйкені үнемдеуге көмектеседі. Мен төмен бағамен алғашқы медициналық көмек сертификатынан өттім, өйткені мен институтымның жеңілдікпен курстар өткізетінін білдім. Мен жиі мұражайларда көрмелерге және ойын-сауық саябақтарына да жеңілдікпен барып жүрдім. Мен тіпті LinkedIn және түйіндеме үшін кәсіби фотосуреттер түсірдім. Сондықтан әрқашан сізге берілген барлық мүмкіндіктерді біліп, пайдаланыңыз.

Ең бастысы — берілмеңіз. Жалғыздықты сезіну немесе үйді сағыну — қалыпты жағдай, бірақ сіздің алдыңызда көптеген жолдар ашылады. Жаңа адамдар мен әлемге деген көзқарастарға ашық болыңыз, сонда студенттік өміріңіз көңілді және қарқынды өтеді.

Меню

Істер

Қала 24

Шолу