Серікбай Әбілмәжін, 34 жаста, туған қаласы – Көктоғай, ақын
Қытайдағы өмірі жайында
Мен Алтай аймағының Көктоғай ауданында дүниеге келдім. Маған «Қытайға не үшін кетіп едің және неге қайтып келдің?» деп жиі сұрақ қояды. Адамдардың көбісі тарихты білмейтіндері қынжылтады. Мен қазақ топырағынан ешқайда кеткен жоқпын. Қазақтың қазіргі территориясы ұлан байтақ жерінің бір бөлігі ғана. Тек Қытайдың өзінде Іле, Алтай, Тарбағатай деген үш облысымыз қалған. Мен сол Алтайдың тумасымын. Өзімді жат жерде тудым деп есептемеймін.
Кішкентай кезімізден Отаным осы, туған жерім осы деп өстік. Ол кезде біз тұрған жерде тек қазақтар тұратын. 1864 жылдан 2010 жылдарға дейін ондағы халық көшпенді өмірден ажыраған жоқ. Оның үстіне қазақ мектебі бөлек болды. Бұл біздің салт-дәстүріміздің, тіліміз бен дініміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің сақталуына жағдай жасады. Қазірдің өзінде ондағы қазақтар өзара тек қазақ тілінде сөйлеседі.
Оның үстіне қазақ мектебі бөлек болды. Бұл біздің салт-дәстүріміздің, тіліміз бен дініміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің сақталуына жағдай жасады
Айырмашылықтар мен көшіп келуі жайында
Қазақстандағы және Қытайдағы қазақтар арасында жалпылама аса үлкен айырмашылық жоқ. Басты айырмашылығы Қазақстандағы қазақтар орыс мәдениетіне жақын, ал Қытайдағы қазақтар қытай мәдениетіне жақын келеді.
Мен 11 сыныпқа дейін Қытайда оқыдым. Оқулықтардың басым бөлігі қазақстандық оқыту жүйесіне негізделген. Тек Қытайдағы қазақтар Ахмет Байтұрсынов жасаған «төте жазуын» қолданады.
Қазақстан деген дербес ел бар екенін екінші сыныпта оқып жүргенде естідім және сол кезден бастап қазақ еліне оралу жайында ойладым. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде елге оралу туралы ойымды әкеме айттым. Бірақ ол кісі рұқсат бермеді. Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін ғана елге оралуға мүмкіндік алдым.
Мен жалғыз келдім. Ешқандай туысқаным да, танысым да болған жоқ. Жергілікті қазақтар келгендердің бәрін жылы қабылдайды, ал шеттен келгендердің елге өкпелеуге немесе өмір сүру жағдайын сынауға хақысы жоқ. Өз елінен жырақта өскен адамдардың отаншылық сезімі келеңсіз жағдайларға кешіріммен қарауға мүмкіндік береді. Қазақстанға келгенде, шекарадан өтіп қазақ топырағын басқанда жылағаным есімде. Өз Отанымда мен нағыз еркіндік пен махаббатты сезіндім.
Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не оқуға түстім. Кейін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті филология факультетінің магистратурасын бітірдім. Үйлендім, үш балам бар.
Мұқтар Мәметұлы, 25 жаста, туған қаласы – Синьцзян, видеограф
Қытайдағы өмірі жайында
Мен Іле-Қазақ автономиялық облысы, Синьцзян жерінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келдім. Кезінде қазақтар қоныс тепкен Іле, Алтай, Тарбағатай деген үш аймақ Қытай жерінде қалып қойған. Ол жерлердің қазақ атаулары да ежелден сақталған. Негізгі халқы – қазақтар. Біз сол аймақтарды қазақтың жерлері деп санаймыз.
Мен Синьцзянда тұрған кезде, Қытайдың президенті Ху Джин Тао болған. Ол басшылық еткен кезде ұлт, салт-дәстүр және дін жайында ешқандай қысымдық болған жоқ.
Айырмашылықтар мен көшіп келуі жайында
Мен тұрған аймақтағы қазақтардың салт-дәстүрлері негізінен Шымкент жақ пен Қазақстанның Оңтүстік аймақтарымен ұқсас келеді. Ең үлкен айырмашылық біраз орыстілді болып келетін Солтүстік аймақтарымен бар.
Мен Қытайдан Си Цзиньпин президенттікке келген кезде, 2009 жылы кеттім. Ол тағайындалғасын, сол аймақтардың қазақтары, әсіресе мұсылман халқы қысымдық көре бастады. Кішкентай кезімде мен Қазақстан мемлекеті жайында аз білетінмін. Ата-анам біздің қазақ жерінде өсіп-өнгенімізді қалап, елге көшіп келуді шешті.
Ата-анам біздің қазақ жерінде өсіп-өнгенімізді қалап, елге көшіп келуді шешті
Қазақстанға оралғасын бір жылдай қиын болды, себебі ешқандай туған-туысқандарымыз, таныстарымыз болған жоқ. Бүгінде мен Қазақстанмен бірге өсіп, дамып жатырмын. Қазақ жеріне қайта оралғаныма қуаныштымын. Осы жерде мен туған жерімдегі мәдениетімнен ешбір айырмашылықты сезінбеймін.
Нұрболат Серік, 31 жаста, туған қаласы – Манас Санчжи, тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директоры
Қытайдағы өмірі жайында
Мен ҚХР Дұнған облысы, Манас Санчжи ауданында тудым. Тянь-Шань баурайында орналасқан жердің табиғаты керемет – қалың орман, жасыл алқап. Мен отбасымдағы үлкенімін, екі інім бар, кішкентайымыздан қазақ ортасында өстік. Қытай елінде тұрсақ та, аймағымыздың халқы таза қазақ еді. Көптеген адамдар қытай тілін білмейтін, қытай тілінде сөйлейтін адамдарды сирек кездесетін.
Қаның қазақ болғасын материктің қай түкпірінде болмасын, өз ұлтың – бойтұмарың, қаның, жаның, намысың болатыны даусыз. Қазақ болып туылғаныма бақыттымын. Туған жерім Қытай болса да, мен қазақ жерінде, қазақтың ата-қонысында дүниеге келдім.
Айырмашылықтар мен көшіп келуі жайында
Салт-дәстүрлер жайына келетін болсақ, ол жақта олар жақсы сақталған. Наурыз, Құрбан айт, Ораза айт мерекелерін атап өтуге үлкен мән берілген. Құрбан айт, Ораза айт дәстүрлі түрде үш күн тойланады. Халық топтасып, бір-біріне қонаққа барады, әруақтарға құран оқып, жақындардың саулығын тілесіп жүреді. Наурыз мейрамында ұлттық ойындар – айтыс, аударыспақ, күрес, қыз қуу,жамбы ату, алтыбақан, ат жарыстар, көкпар,т.б. өткізіледі. Әрбір үй ою-өрнектермен қазақы нақышта безендіріледі.
Наурыз, Құрбан айт, Ораза айт мерекелерін атап өтуге үлкен мән берілген
Қытайдағы қазақтар мен Қазақстандағы қазақтардың басты айырмашылығы – тілде. Қазақстанның өзінде тілдік диалекттер орын алады. Қытайдағы қазақтар заңға бағынып, шектеулерге дағдыланған. Қазақстандағы қазақтардың бойларында сенімділік, өрлік бар. Ал Қытайда тұрған кезде, біреудің үйінде қонақтай болып, өзімді ойдағыдай еркін сезіне алмадым.
Қазақстанға көшуді ес білгелі ойлап жүрдім. Мен әжемнің қолында өстім. Әжем ақын болатын, сол себепті мен өлеңге, қазақтың ақындық өнеріне жақын болып өстім. Дискілер арқылы қазақстандық концерттер мен айтыстарды көріп, оларға еліктеп жүретінбіз. 2006 жылы институтты бітіргесін бірден Астанаға көшіп келдім. Адам сыйлы болу үшін, біреуді сыйлай білу керек. Елдің жаманы болмайды, адамның жаманы болады. Мен жергілікті халықты жақсы көріп кеттім, жұмыс істеп, дамып жетіле бастадым. Менің де өз жеріне қайтып келген қандас бауырларымдай елім үшін қызмет етсем, арманым жоқ.