Array
(
    [SRC] => /upload/resize_cache/iblock/05e/400_450_240cd750bba9870f18aada2478b24840a/7x55die1cgi4maiplt56oizmbi5c5nsz.jpg
    [WIDTH] => 400
    [HEIGHT] => 450
)

Неліктен ғылыми конференцияларға қатысу маңызды және оларға қалай дұрыс дайындалу керек: ғалымдардың тәжірибесі мен кеңестері
988

19.08.2024

Неліктен ғылыми конференцияларға қатысу маңызды және оларға қалай дұрыс дайындалу керек: ғалымдардың тәжірибесі мен кеңестері

Ғылыми конференциялар ғылым әлеміне есік ашады, жаңа ашылымдарға шабыттандырады және нетворкингке бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Біз халықаралық конференцияларға қатысқан табысты ғалымдармен танысып, олардың тәжірибелерімен бөлістік.


Асель Ибадулла, 25 жас, Бостон қаласы, США, Research Scholar, Harvard University, @asselibadulla


Асель Ибаддула


Өзі және ғылыми қызметі туралы


Мен Назарбаев Университетінің «биология ғылымдары» мамандығы бойынша және Йель университетінің Health Policy мамандығы бойынша түлегімін. Мен Гарвард университетінің Инновациялар және денсаулық сақтау орталығында зерттеуші болып жұмыс істеймін.

Менің зерттеудегі алғашқы тәжірибем Назарбаев Университетінде екінші курста болды, онда мен генетика және молекулалық биология бойынша екі зертханада ассистент болып жұмыс істедім. Жұмыс барысында Мен өзімнің нақты қызығушылығым жасуша биологиясында емес, денсаулық сақтау саласында екенін түсіндім. Бұл мені Health Policy мамандығын таңдауға әкелді. Төртінші курста мен ДДҰ-ның Еуропадағы кеңсесі мен Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша тиімді саясатты әзірлеуге бағытталған бірлескен жобасына ассистент ретінде қатыстым.

Ғылыми конференциялар

Гарвардта мен high Value Health Systems жобасында жұмыс істеймін, Денсаулық сақтау жүйелерінің тиімділігі мен құндылығын жақсарту мүмкіндіктерін жалақы үлгілерін жақсарту және денсаулық сақтау нәтижелерін өлшеу арқылы зерттеймін.

Конференцияларға қатысу туралы

Бакалавриат кезінде негізінен Назарбаев университетінің атынан көшбасшылық конференцияларға қатыстым. Ал Йель университетінде магистратура оқып жүргенде ғылыми зерттеулермен тереңірек айналыса бастадым. Йель университетінің Медицина мектебіндегі Equity Research and Innovation Center-де екі жыл тағылымдамадан өттім және төрт конференцияға қатыстым. Екеуі Йель университетінде, үшіншісі Нью-Йорк университетінде, ал төртіншісі Бостондағы Гарвардта өтті.

Ғылыми конференцияларға қалай қатысуға болады

Әлемде күн сайын көптеген ғылыми конференциялар өтеді, және оларға қатысу сіз ойлағаннан да қолжетімді. Сізде өз зерттеуіңіз немесе жобаңыз болуы керек және жобаңыздың тақырыбына байланысты іс-шараны табу керек. Егер сіздің жобаңыз психикалық денсаулыққа қатысты болса, интернеттен осы тақырыптағы конференцияларды іздеңіз. Дедлайнға дейін өзіңіздің зерттеу мақсатыңызды, әдістеріңізді, нәтижелеріңізді және зерттеуіңіздің маңыздылығын қысқаша баяндап, тезисіңізді жіберіңіз. Егер оны қабылдаса, сізді конференцияда тақырыпты таныстыруға шақырады. Спикерлерге қаржыландыру ұсынатын конференцияларды таңдау ұсынылады.

Конференцияларға қатысудың пайдасы

Ғылыми конференциялар пайдалы. Біріншіден, олар сіздің түйіндемеңізді жақсартады және докторантураға түсу немесе ғылыми салада жұмысқа орналасу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Екіншіден, бұл шабыт пен мотивация береді. Сіз өз салаңыздың көшбасшыларымен кездесіп, жаңа әріптестер мен болашақ ғылыми жетекшілерді таба аласыз.

Үшіншіден, сіз әрқашан соңғы ашылымдар мен жаңа идеялардан хабардар болып, өз салаңызды тереңірек зерттей аласыз.

Ұсыныстар

Ғылыммен айналысатын жастарға кеңесім: әртүрлі жобалармен тәжірибе жасаңыз, өзіңізді зерттеңіз және шынайы қызықтыратын нәрсені табыңыз. Бағытыңызды өзгертуге және өз жолыңызды іздеуге қорықпаңыз. Мен жасуша биологиясы зертханасында жұмыс істегенде, менен зерттеуші шықпайды деп ойладым және менің әлеуетім жоқ деп санадым. Бірақ кейінірек мен жай ғана өзіме сәйкес келмейтін саланы таңдағанымды түсіндім.


Лаура Қарабасова, 37 жас, Ақтөбе қаласы, ғалым, университет ректоры, @laura_researcher

Лаура Қарабасова


Өзі және ғылыми қызметі туралы

Мен ғалыммын және білім беру саласындағы менеджмент, саясат және реформаларды зерттеумен айналысамын.

Ғылымға деген қызығушылығым мектеп кезінен басталды. Мен мұғалімдер отбасында өскендіктен, білім мен ғылым бала кезімнен менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Кішкентай кезімнен-ақ мені қызықтыратын тақырыптар бойынша материалдар іздеп, жинауды жақсы көретінмін. 2000-жылдары «Дарын» мектебінде оқып, биология пәні бойынша мектеп олимпиадасына дайындалған кезде Жұбанов университетінде жиі болдым. Университеттің ғалымдарына барып, олардың кабинеттерінде жұмыс істеп, зертханаларын көріп жүрдім. Мені қоршаған ғылыми атмосфера қатты ұнайтын.

Ғылымға деген қызығушылығымды Жұбанов университетінің жас ғалымы, сол кезде қазірдің өзінде ғылым кандидаты болған ұстазым оятты. Екінші курстан бастап өзімнің ғылыми жобам болды, ал төртінші курста сол жоба арқылы студенттердің ғылыми жобалар республикалық конкурсында жеңіске жеттім. Кейін магистратура және докторантураны Ұлыбританиядағы Уорик университетінде және Назарбаев Университетінде оқыдым. Менің жолым болды: ғылыми жетекшілерім өте мықты және талапшыл ғалымдар болды. Докторлық диссертациямды қорғау кезінде қарсыласым Эдинбургтен келген белгілі ғалым, профессор До Койл болды.

Докторантурадан кейінгі кезең менің халықаралық қауымдастықта жас әрі болашағы зор зерттеуші ретінде өзімді танытатын уақытым болды. Мен жоғары рейтингті журналдарда жарияланып әрі жариялануды жалғастырып келемін, сондай-ақ, шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, «Постсоциалистік кеңістіктегі трансформацияларды салыстыру: мақсаттар, саясат және тәжірибе», «Орталық Азиядағы білім: сын-қатерлер мен мүмкіндіктердің калейдоскопы», «Роутледж пәндік және тілдік интеграцияланған оқыту бойынша анықтамалығы» сияқты кітаптардың тең авторы болдым. Мен жас ғалымдарға арналған зерттеу әдістемесі бойынша кітаптың тең авторымын. Халықаралық әріптестерімнің менің ғылыми үлесімді бағалап, мені кітаптар мен ғылыми жобаларда тең авторлыққа шақыратыны мен үшін үлкен мәртебе. Бұл ынтымақтастықты жалғастырып, ғылыми қызметімізді одан әрі дамытуға шабыт береді.

Бүгінде мен Батыс Қазақстандағы ең ірі университеттің басшысымын. Бұрын негізгі жұмысым зерттеулер жүргізу және сабақ беру болса, бүгінде менің басты міндетім — ғалымдар мен оқытушыларға ғылыммен айналысуға және сапалы сабақ беруге жағдай жасау. Сондай-ақ студенттер тек білім алып қана қоймай, өмірлік маңызды дағдыларды игеріп, жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау маңызды. Мен студентке бағытталған университет құрудамын.

Ректор бола тұра, ғылыммен айналысуды жалғастырып келемін. Екі докторанттың диссертацияларына және ғылыми жобаға жетекшілік етемін. Жақында докторанттарым біздің зерттеу нәтижелерімізді ұсынған Лондондағы халықаралық конференциядан оралды.

Конференцияларға қатысу туралы

Біздің салада білім беру саласындағы мықты, талантты ғалымдармен кездесуге болатын бірнеше танымал конференциялар бар. Мен Еуропалық білім беру зерттеулері қауымдастығының конференцияларын — EERA, Британдық білім беру зерттеулері қауымдастығын — BERA, Американдық салыстырмалы және халықаралық білім беру қоғамын — CIES атап өткім келеді.

2013 жылы мен алғаш рет Португалияның Порту қаласында маңызды ғылыми конференцияға қатыстым. Еуропалық білім беру зерттеулері қауымдастығы магистрлік жұмысым үшін грант бергендіктен, барлық шығындар өтелді. 2019 жылы Сан-Францискоға бару үшін Салыстырмалы және халықаралық білім беру қауымдастығының грантын алдым.

Тіл саясаты және қолданбалы лингвистикамен айналысатындар үшін Халықаралық көптілділік және үшінші тілді зерттеу қауымдастығының конференциясы сияқты мамандандырылған, бірақ маңызды конференциялар бар.

Ғылыми конференцияға қатысу — ғылыми қызметтің ажырамас бөлігі, ғылыми мансапты құрудағы маңызды қадам. Зерттеу нәтижелерін немесе алдын ала нәтижелерді ұсына аласыз, конструктивті кері байланыс ала аласыз, өз салаңыздағы негізгі ғалымдармен танысып, нетворкинг орната аласыз.

Конференцияларға қатысуды алдын ала жоспарлау керек. Барлығы мақсатқа байланысты. Жақсы конференциялар алты-сегіз ай бұрын сарапшылар қауымдастығының рецензиясынан өтетін баяндамалардың тезистерін қабылдайды. Іріктеуден өткен баяндамалар ғана ұсынылады. Сондай-ақ өзіңіз баяндама жасамай-ақ, басқаларды тыңдау үшін қатыса аласыз.

Ғалым болу үшін тек магистратураға немесе докторантураға түсу жеткіліксіз. Мектеп кезінен-ақ саналы оқуды, сыни ойлауды және жобалармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту қажет.

Конференцияларға қатысудың пайдасы

2016 жылы Венадағы конференцияда MIT профессоры Сюзанн Флиннмен таныстым. Оның сөзінен кейін, онымен сөйлескісі келетіндерден үлкен кезек пайда болды. Мен кезегімді күттім, өзімді таныстырып, оны Қазақстанға шақырдым. Тығыз кестесіне қарамастан, ол менің шақыруымды қабылдады.

2019 жылы CIES конференциясында мен Гонконг ғалымымен таныстым, ол көп уақытын секцияларда емес, холлда адамдармен танысумен өткізгенін айтты. Ол үшін ең маңыздысы — басқа елдерден келген ғалымдармен кейінгі ғылыми ынтымақтастыққа арналған жаңа таныстарды табу болды.

Конференциялар ғалымдардың әлеуметтену мүмкіндігі. Нетворкинг, яғни өз еліңді таныстыру және байланыс орнату іс-шараларда меңгерілетін маңызды дағдылардың біріне айналды. Менің ойымша, ғалым әлемге және жаңа таныстықтарға ашық болуы керек, өз пікірін батыл білдіруі, идеяларымен бөлісуі және халықаралық аренада әріптестерімен тең дәрежеде өзін сезінуі керек. Мұндай конференцияларға қатысу жеке тұлғалық өсуге ғана емес, отандық ғылымның танымал болуына да ықпал етеді. Сондай-ақ конференциялар — зерттеу нәтижелерімен бөлісудің тиімді тәсілі.

Әсіресе жас ғалымдардың беделді халықаралық конференцияларға қатысуы маңызды. Мен докторанттар өздерінің ғылыми жұмыстарын кең аудиторияға ұсына алатындай жағдай жасауға тырысамын. Бұл қызықты, бірақ сонымен бірге жауапты іс.

Мұндай халықаралық кездесулерден мен әрдайым үлкен шабытпен және жаңа идеялармен ораламын.

Ұсыныстар

Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру айтарлықтай өсті, бұл мықты ғалымдарды ұстап қалуға мүмкіндік береді. Өз университетімнің мысалында: ғылыммен айналысатын оқытушылар бәсекеге қабілетті жалақы алады деп айта аламын. Университетте миллион теңгеге дейін жалақы алатын оқытушылар бар. Ғылым — ғаламдық тұрғыдан ойлаған кезде өмірді жақсы жаққа өзгертуі керек.

Жастарға халықаралық ғылыми күн тәртібінен қалыспауға, бірақ біздің ел үшін маңызды жергілікті мәселелер мен проблемаларға назар аударуға кеңес беремін. Әдістемелік дағдыларды үнемі дамыту, ғылыми басылымдарды көп оқу, ағылшын тілін жетілдіру және конференцияларға қатысу маңызды. Әрине, күш — командалық жұмыста. Сондықтан отандық және халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты дамытуға ұмтылу керек.


Гүлдана Жігербаева, 27 жас, Астана қаласы, PhD кандидат, @gn.zhigerbayeva

Гүлдана Жігербаева


Өзі және ғылыми қызметі туралы

Мен Назарбаев Университетінің «Химиялық инженерия» мамандығы бойынша төртінші курс докторантымын. Жазда диссертациямды қорғап, көптен күткен PhD дәрежесін алуды жоспарлап отырмын.

Менің ғылымдағы жолымды «кәсіби балеринадан инженерге дейін» деп сипаттауға болады. Бұрын мен А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде білім алдым және болашақта химия саласында зерттеулермен айналысамын деп мүлде ойламаған едім. Бірақ ғаламның өз жоспарлары бар, және міне, 10 жыл бойы химиялық зертханада оқып, жұмыс істеп келемін.

Менің зерттеулерім композитті өткізгіш полимерлерді синтездеу әдістерін әзірлеуге бағытталған, олар кейін смартфондар мен басқа да шағын смарт-құрылғыларда энергияны жинақтау үшін қолданылатын микросуперконденсаторлар мен жоғары тиімді сутегі газын анықтайтын сенсорлар үшін қолданылады. Мен диссертациямды аяқтап, ғылыми мақалалар жазудамын.

Конференцияларға қатысу туралы

Мен магистратура және докторантура кезінде конференцияларға қатыстым. Сол кезде әлемде миллиардтаған адамдар бар екенін түсіндім, және сенің бар болуың тек жақын ортаңда ғана маңызды болуы мүмкін, ал сенің жұмысыңның нәтижелері әлем ауқымында сенің маңыздылығыңды арттыруы мүмкін. Шетелдік ғалымдар, олардың мәртебесіне және деңгейіне қарамастан, әрдайым ашық және достық қарым-қатынаста болады. Олармен қарым-қатынас оңай, олар кері байланыс беріп, сұрақтарға жауап беруден еш қиындық көрмейді.

Ғылым әлемі және ғылыми конференциялар

Конференцияларға, әсіресе халықаралық деңгейдегілерге, қатысу әрдайым қымбатқа түседі. Сондықтан зерттеушілер көбінесе оларға жобалық гранттардың есебінен қатысады. Ғылыми конференцияға қатысу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

— жетекшіңізбен немесе ұйыммен сөйлесіп, сізді қаржыландыра алатынына көз жеткізіңіз. Әйтпесе, қалған әрекеттердің бәрі мағынасыз болады

— ғылыми ұйымдардың веб-сайттарында, журналдарда, Conference Alerts сияқты арнайы платформаларда өз зерттеуіңізге сәйкес келетін конференцияны табу

— тезистер мен мақалаларды дедлайнға сәйкес жіберу. Конференцияның ауқымына байланысты өтінімдерді қабылдау шамамен жарты жыл бұрын аяқталатынын ескерген жөн. Қатысу ақысы өтінім беру мерзіміне қарай әртүрлі болуы мүмкін

— баяндама форматын таңдау. Мен магистранттар мен PhD алғашқы курс студенттеріне постерлермен қатысуға, ал PhD-дің жоғары курс студенттеріне ауызша баяндама жасауға тырысуды ұсынамын

— қатысуыңыз расталғаннан кейін, жарна төленеді және сапарға дайындық басталады

— конференцияда міндетті түрде қатысқандығыңыз туралы сертификат алыңыз.

Конференцияларға қатысудың пайдасы

Ғылыми конференцияларға қатысу әр ғалымның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл зерттеуіңізді сіздің зерттеу тақырыбыңызға қызығушылық танытқан сарапшылар аудиториясына жеке таныстыруға мүмкіндік беретін алаң. Сондай-ақ конференцияға қатысу — әртүрлі елдердің ғылыми топтарымен байланыс орнату, жетекшілерді табу және күрделі сұрақтарға жауап алу үшін белгілі профессорлармен қарым-қатынас жасауға тамаша мүмкіндік.

Ғылымның дамуы туралы ғалымдар

Мұндай конференцияларға қатысу жұмысыңызға жаңаша көзқараспен қарауға көмектеседі, өйткені сіз кері байланыс алып, жұмысыңызды басқалармен салыстыра аласыз, жаңа білім алып, жаңа зерттеулерге шабыттанып, тіпті жұмысқа шақыру алуыңыз мүмкін.

Ұсыныстар

Конференциялар одан әрі дамуға күшті серпін бере алады. Ғылыми қызметті жалғастыруға тұрарлық па, әлде зерттеу дағдарысы жағдайында ма деп күмәнданатындар үшін сапар жаңа жұтым болады және одан әрі даму траекториясын анықтауға көмектеседі. Ірі конференциялар көбінесе әдемі жерлерде, АҚШ, Еуропа және Азия мегаполистерінде өтеді, бұл саяхаттауға тамаша мүмкіндік береді.

Абстрактіні беру кезінде, егер графикалық иллюстрацияны енгізу мүмкіндігі болса, суретті салған дұрыс, өйткені бұл ауызша баяндамаға шақыруға жақсы мүмкіндік береді.

Соңғысы: сіз бакалавр немесе докторант болсаңыз да, визиткаларды өзіңізбен бірге алып келуді ұмытпаңыз. Қарым-қатынас этикеті визитканы қажет етеді, өйткені шетелдіктерге есімдерді есте сақтау қиын және конференциядан кейін сізбен байланыса алады.

Меню

Істер

Қала 24

Шолу