Редакциямыз сіздерге біздің отандастарымыздың елімізден жырақта гүлденген бизнесті қалай құрғандығы жөніндегі төрт керемет оқиғаны ұсынады.
ГАУХАР АССИОН, Франция
Chez Mademoiselle / Paris— Astana мейрамханасы, 7 жыл нарықта
Алғашқы үш жыл біз француз тағамдарының шағын дәмханасы ретінде жұмыс істедік. Сосын мен біздің тағамдардың бастауына оралуды шештім. Бірақ біз тек қазақ тағамдарын ғана ұсынбаймыз. Біз посткеңестік елдердің тағамдарын қамтуды жөн санадық. Яғни, бізде борщ, киевше котлеттер, өзбек палауы, хинкали де бар. Бұл тағамның барлығын өзімнің авторлық түсінігім бойынша ұсынамын. Мысалы, тон ішіндегі салатқа майшабақты емес, норвеждік қызыл балықты саламын. Ерекше дәм пайда болады.
Асханаға бала күнімнен бері қызығамын және өз баламның да оған деген махаббатын оятқым келеді. Басында бұл іске араласуды жоспарламап едім, Қазақстанда университетті заңгер мамандығы бойынша бітірдім, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы деген аяқталмаған білімім де бар. Парижге көшіп келген соң, өз мамандығыммен жұмыс таба алмадым. Немен айналыссам екен деп жүріп, өзімді мейрамхана ісінде байқап көруді ұйғардым. Жеткен дәрежем белгілі бір деңгейде менің мінезімнің қалыптасып, осында орнығуыма өз септігін тигізді. Тек жүздің бірі, тіпті екі жүзден бірі болмаса, мұнда қалып, өзін елестетуге мүмкіндік алады. Бірақ, әрине, көшіп келгеннен кейін арқа сүйер адамың, көмектесетін достарың да, ата-анаң да жоқ болғасын шыңдала түстім.
cosmo.kz
Бірнеше адамның қол астында жұмыс істеп жүріп, париждік мейрамхана бизнесінің бірнеше ньюанстарын түсіндім. Өз басыңды ұмытып, өз ісіңе беріліп, 300 пайызға барыңды салу керек. Сырттан қарағанда өз мейрамханаңды ашу өте керемет болып көрінетін шығар, бірақ жұмысты айналдыру үшін тек мейрамханаға клиенттердің көбірек келуіне көмектесетін жақсы материалдық негіздің болуы жеткіліксіз. Егер Қазақстанда қожайын көп жағдайда үстелді сүрту үшін қолына майлық ұстамайтын болса, мұнда ол оркестр-адам. Сатып алу, тазалау, дайындау мен ұйымдастыру жұмыстарымен бір мезгілде айналысуы қажет.
«Бағасы ұмытылады, ал дәмі қалады» деген жақсы мәтел бар. Егер сізге мейрамханадағы тағам ұнаса, оның қанша тұратынын да ұмытып қаласыз, бірақ оның дәмін мүлде ұмытпайсыз. Сондықтан әрқашан сапа үшін жұмыстану керек. Басында біздің мейрамхана, келушілері аз жер болатын және адамдарды тек жоғары сапамен ғана қызықтыра алатынымды ұқтым. Бүгіндері біз оған жеттік, тіпті еселеп арттырдық деп ойлаймын.
cosmo.kz
Егер Парижде мейрамхана ашуды жоспарласаңыз, онда Қазақстанда көріп үйренген стандарттарыңыздан түбегейлі бас тарту қажет. Францияда мекемелер ашатын адамдар бірінші жылында көп табыс таба алмайтынын түсінеді. Қазақстанда тез ақша тауып алып жоғалуды ойлап ашылатын орындар көп. Мұнда трендтер жоқ, бірнеше жыл талмай еңбектеніп, мінсіз табысқа жеткен мейрамханалар ғана танымалдылық пен құрметке ие болады. Мұнда ешқандай инспекциялар сатып алынбайды. Биыл біз енген Мишленнің Қызыл гидіне ақша беріп ене алмайсыз. Олардың өкілдері кез келген уақытта келеді, әрі сіз оны байқамай да қаласыз. Бір сөзбен айтқанда, мұнда бірдеңеге жету үшін сізге тек еңбек пен адалдық қана көмектеседі.
НАЗИМ ПАЛТАШЕВ, АҚШ
Soul of Nomad, сән үйі, фэшн-ритэил, 2016 жылдың қыркүйегінен бастап нарықта
Қызық естілетін шығар, алайда өнеркәсіптік инженер мамандығын оқуым мен үлкен құрылыс және девелоперлік жобаларға жетекшілігім менің брендімді қалыптастыруыма көмектесті. Жақсы өнім шығару тәсілдері көптеген индустриядағыларға ұқсас. Егер команданы дұрыс басқарып, шығармашылық үдеріс пен өнідірісті жүйелей білсең, онда лайықты өнім шығаруға болады. Біздің жағдайда мен тәжірибелі команданы еркін әрекет етуге жіберіп, жауапкершіліктерін арттыра түстім. Командам әрқашан компанияның қаржылануы мен капиталының өсуінің тек қызметкерлерге ғана емес, акционерлерге де байланысты екендігін жақсы түсінеді. Олар өздеріне, болашақтары үшін жұмыс істейді.
Іскерлік саяхатқа арналған қымбат киімдерді тігетіндер аз. Кремний алқабы тұрғындарына олардың жанына жақын бренд қажет еді. Әрине, біз жоғары технология цитаделінің алғашқы сән үйі болғымыз келді. Сондай-ақ, «Біздің клиенттеріміз кімдер?» деп ойландық. Бұл өз еңбекқорлығымен жетістікке жеткен табысты адамдар. Сонда біздің белгіміздің киімдерін кімдер киіп, таныстыру керек екендігін түсіндік. Егер көптеген киім брендтері өз күштерін Голливуд жұлдыздарын тартуға қарай жұмсаса, біз өзіміздің белгімізді ірі әрі танымал компаниялардың бизнесмендері, кәсіпкерлері мен топ-менеджерлері таныстыратын болады деп шештік. Неге? Себебі, оларға қарап бой түзеуге болады, экраннан емес көп жылдар бойы еңбегімен табысқа жеткендер - заманауи қаһармандардың дәл өзі. Дәл осы адамдар өз индустриясында әлемдік прогресспен байланысты. Біз адамдар неге сіздің джинс киімдеріңізді киіп, шабадандарыңызды алып, былғары күртелеріңізді киюі керек деген сұраққа әркез жауап береміз. Біздің киімді кигенде адам өзін қалай сезінетіні, қатал мінезді әрі мақсатшыл адамның ішкі дүниесінің жағдайы маңызды.
Ешқашан берілмеңіз, және бұл тек шетелде өз бизнесін ашқысы келетін жандарға ғана берілетін кеңес емес. Бизнесті барлық жерде аша аласыз және тек шетелде жақсы жұмыс істеуге болады десем, Қазақстанның табысты кәсіпкерлеріне обал болар. Қиындықтар бүкіл жерде бар, бизнес еш мәселесіз болмайды. Барлығы индустрия мен немен айналысқыңыз келетініне байланысты. Егер стратегиялық тұрғыда нарықтың әлеуеті бар деп есептесеңіз, онда бизнесті Исландиядан бастап Бирмаға дейін барлық жерде ашуға болады. Бастысы, өніміңізге сұраныс болуы керек. Бизнесті ашуда, бизнесте тәжірибесі бар кеңесшілерден жақсы команда жинақтап, тек бизнесте ғана емес, тұлға, басшы ретінде де өсуге көмектесетін жақсы жетекші табыңыз. Және ең бастысы, қорықпаңыз, еңбектеніңіз.
САИДА ТАУКЕЛЕВА, Грузия мен Армения
MMA Georgia және MMA Armenia сақтандыру компаниясы, 5 жылдай нарықта
Бизнесті бастауыма Қазақ мемлекеттік Заң университетінің кәсіпкерлік құқық факультетінде алған заңгерлік білімім көмектесті. Одан бөлек, бағалы қағаздар нарығында, ұлттық компанияда жұмыс істедім, және бұл мені кәсіби маман ретінде қалыптастырды. Менің компаниямның Грузия аумағындағы Қазақстанның инвестициясына ешқандай қатысы жоқ және толықтай жеке негізде құрылған. Тек бізге жетекшілік ететін реттеуші Ұлттық банкке есеп береміз.
Әрине, біз бұл салада бірінші емеспіз және нарықтағы бәсекелестікке тап болғанымыз рас. Бірақ бір жағынан, бәсекелестік компанияның дамуына жақсы жағдайлар туғызады. Жалпы, Грузияда өз бизнесіңді тіркеуде мәселе аз, шетелдіктер үшін кедергілер жоқ. Ісімізді бейімдеуге біздің грузиялық серіктестеріміз көмектесті. Әлбетте, клиенттерді тарту мәселесі туындады. Бұл салада жалғыз болмағандықтан, біз адамдарға қызметті неге дәл бізден алу керектігін түсіндіруге көп жұмыстандық. Бұл бізді жақсы сапа мен кәсібилігімізді көрсетуге міндеттеді: барлық қауіпті ескеру, оларды азайту, кез-келген өзгерісті бақылау.
Грузияда бұл істі бастамас бұрын, жергілікті заңнамаларды жақсылап түсініп, заңдық кеңестерді алуда сараңдық танытпау керек. Құжат айналымын қалай жүргізу керектігін үйреніп алыңыз, бұл үшін ағылшын тілін білу қажет, ал одан да жақсысы – грузин тілін білу. Жалпы айтқанда, бұл велосипед ойлап тауып өзгелерді таңғалдыратын ел емес. Өз ісіңізге кіріп, бастан-аяқ қатысып, жұмысты бақылау, сондай-ақ жақсы команда жинақтауға көп күш жұмсау қажет. Грузияда елдің бай тарихы мен керемет мәдени мұрасы, мейірімді адамдары мен дәмді тағамдары қуантады.
НАТАЛЬЯ ЗАХАРОВА, Италия
BTL Italy By Amenite Boutique Travel club Srl. Италиядағы қабылдау туроператоры, 2013 жылдың қаңтарынан бастап нарықта
Мен Қарағандыда өстім, онда 17 жыл тұрдым, ағылшын тіліне бейімделген №3 мектепті бітірдім. Сол жерден оқуымды шетелде жалғастырсам деген ұмтылысым басталды. Менің мектебімде өте жақсы мұғалімдер болды, шетелге кету үшін мен түрлі жарыстарға қатыстым, мектепке американдық оқытушылар да көп келетін. Осылардың бәрі мені саяхаттауға ынталандырды. Расында, Қарағанды – мәдениеті жоғары қала. Түрлі үйірмелерге, шетелдік қонақтардың қатысуымен өтетін шараларға, театрға қатыстырған ата-анама рахмет. №3 мектепке, соның ішінде, менің дүниетанымыма ықпалын тигізген ағылшын тілінің оқытушысы – Лобынцева Людмила Николаевнаға алғыс айтамын.
Негізінде, менің клиенттерім жақындарым, шетелдік емес. Италияға келіп, бұл елге ғашық болдым да, біздегілер ол жайында ештеңе білмейтінін түсіндім. Кеңестік таптаурын: Италия – макарондар, пицца, Тото Кутуньо, Армани және Дольче мен Габанна, Феррари. Әрине, мұның барлығы да бар.
Бірақ мен жай ғана Италияға экскурсия жасатып, қонақ үйлерді тағайындайтын емес, нағыз Италия туралы, оның құпиясын және өмір сүру мен тамақтанудың жерортатеңіздік образын айтатын фирма ашқым келді. Итальяндық тағамдар әлемдегі ең дәмді әрі пайдалы тағамдар болып саналады ғой. Әйтсе де, итальян асханасы деген түсінік жоқ, сицилиялық, апулийлік, неаполитандық, тоскандық және т.б. асханалар бар. Тото Кутуньо Италияда жұдыз емес. Ал Армани және Дольче мен Габаннаны Италияда, негізінен, интальяндықтар емес, тек туристер сатып алады. Итальяндық стиль бұл – тек тапсырыспен тігінші тіккен киім ғана емес, бұл өмірдің көрінісі. Бәрі де бұл елдің тарихы және мәдениетімен, Микеланджело, Рафаэль, Да Винчи сияқты ұлы суретшілерімен байланысты. Мұнда термальді кешендерде шарап ішкен ежелгі римдіктер заманынан бері тәтті өмірге деген құштарлық бар.
Өз ісіңді ашпас бұрын, саған қуаныш пен рақат сыйлайтын не нәрсе екенін, өзіңді, өзіңнің қалауыңды табу керек шығар. Ниет болса, әрқашан бәрі өз ретімен болады. Ал техникалық жақтарына келсек, тіл, діл, дәстүр, заңдарды білу қажет. Мен де фирмамды бірден ашып алған жоқпын. Италияда бес жыл тұрып, туристік компанияларда жұмыс істедім. Қашан және қиындықтарға дайынсыз ба, соны түсііп, сезіну керек. Егер сенсеңіз, армандар орындалады деп айта аламын!